2025 жылғы 30 шілдеде Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қордай ауданына пресс-тур аясында сапар жасады. Іссапардың мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысу.
Маршруттың алғашқы нысаны Қарасу ауылында салынудағы 300 орындық жаңа мектеп болды. Бұл нысанның құрылысы өткен жылдың көктемінде басталып, оны биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бас мердігер — «Rise Capital» ЖШС, тапсырыс беруші — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Бұл білім ордасы ауыл балалары үшін білімнің қолжетімділігін арттырып, мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған.
Ауқатты ауылында журналистер салынып жатқан спорт және балалар алаңдарын, сондай-ақ спорт-сауықтыру кешенін аралады. Нысандар заманауи стандарттарға сай салынуда және әртүрлі жастағы тұрғындарға арналған. Сонымен қатар, ауылдың жаңа тұрғын үй массивінде инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстары жүргізілуде. Су құбырымен қамту аяқталған, ал электр желілерін тарту жұмысы 70 пайызға орындалған. Жер телімдері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған.
Журналистер Қызылсай ауылындағы Ораз Жандосов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысын да назардан тыс қалдырмады. 40 жылдан кейін алғаш рет мектеп ғимараты толық жаңғыртылып, бүгінде ол жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасының барлық талаптарына сай келетін болды.
Мазмұнды нысандардың бірі ретінде Сортөбе ауылындағы 200 адамға дейін қабылдай алатын жаңа аурухана кешені болды. Медициналық мекеме «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында салынған. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қыркүйек айында басталды, жобаның жалпы құны — 2,6 млрд теңге. Заманауи аурухана ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуы күтілуде.
Пресс-турдың соңғы нүктесі ретінде Қаракемер ауылында салынып жатқан 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы болды. Құрылыс 2023 жылдың мамыр айында басталған, қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады.