Жамбыл ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде ауданның 13 ауылдық округіне қарасты 31 елді мекенде жалпы ұзындығы 301,6 шақырым болатын 375 көше мен бұрылыстар бар.
Ағымдағы жылы ауылішілік жолдарды жөндеу мақсатында 15 жоба жүзеге асырылмақ. Соның нәтижесінде 14 көше мен 5 бұрылыс, яғни 15,2 шақырым жол жөндеуден өтеді. Бұл жобалардың 6-ы аудандық бюджеттен қаржыландырылса, 9-ы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған.
Биыл Жамбыл облысында да жол саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Автомобиль жолдарын дамытуға 28,6 млрд теңге бөлініп, құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары 470,3 шақырым жолды қамтиды. Қазіргі таңда 45 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99,5%-ға, ал көше-жол желісі 89%-ға жетеді деп жоспарлануда.