Т.Рысқұлов ауданындағы әлеуетті жобалармен танысу: журналистерге арналған баспасөз туры өтті

Т.Рысқұлов ауданындағы әлеуетті жобалармен танысу: журналистерге арналған баспасөз туры өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бастамасымен өткізіліп жатқан баспасөз туры Т.Рысқұлов ауданында жалғасын тапты. Іс-шара аясында журналистер аудан аумағындағы бірқатар кәсіпкерлік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.

Тур барысында алғаш болып тілшілер Өрнек ауылдық округіндегі Әбжапар ауылы маңында орналасқан «Тау Қымыз» сауықтыру-демалыс кешенінде болды. Халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен небәрі 10 шақырым жерде орын тепкен демалыс орны 300 млн теңге көлемінде кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынған. Бір мезетте 80 адамды қабылдай алатын кешен бүгінде көркем табиғат аясындағы танымал туристік нысандардың біріне айналды. Мұнда тек отандық емес, шетелдік қонақтардың да ағымы артып келеді.

Бұдан кейін журналистер Жарлысу ауылындағы жеке кәсіпкер Азамат Қадырбекұлы Самбетқұловтың автоприцеп шығаратын өндіріс орнында болды. Жалпы ауданы 0,3 гектарды құрайтын өндірістік аймақтың цехы 1000 м²-ді қамтиды. Мұнда ай сайын 25-30 тіркемеге дейін құрастырылып, тұтынушыларға жеткізіледі. Кәсіпкер жылқы тасымалдауға және жол талғамайтын көліктерге арналған тіркемелерді шығарумен қатар, өндірісті кеңейтіп, көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.

Баспасөз турының келесі бағыты Р.Сәбденов ауылындағы «Парус-Т» ЖШС-не қарасты, «Бай Тал» брендімен жұмыс істейтін ауыз су өндіру зауыты болды. 200 млн теңге жеке инвестиция есебінен салынған зауыт 2025 жылдың қаңтар айында іске қосылған. Қытайдан әкелінген заманауи жабдықтармен қамтылған өндірістік кешен (аумағы 0,2 га, цех 600 м²) сағатына 3000 литр газдалған және газдалмаған су шығарады. Қазіргі таңда мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдер аудан көлемінде сатылуда, ал болашақта шетел нарығына шығу мақсатында СТ KZ және ISO халықаралық сертификаттарын алу жұмыстары жүргізілуде.

Пресс-турдың соңғы нысаны – Луговой ауылында орналасқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы «Рельс дәнекерлеу кәсіпорны» болды. 1988 жылы құрылған бұл өндіріс орны бүгінде жылына 500 шақырымға дейінгі рельстерді дәнекерлеп, ұзындығы 800 метрге дейінгі түйіспесіз темір жол рельстерін шығарады. Мұнда 300-ге жуық адам еңбек етеді, орташа жалақы мөлшері – 200 мың теңге.