2025 жылдың 15 шілдесінде Жамбыл облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Кәсіби маман – 2025» облыстық кәсіби жастар байқауы өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы – Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ.
Байқаудың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарын жастар арасында кеңінен насихаттау, жас мамандардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамыту, жұмысшы жастарды мамандықтарға тарту, жастардың мамандық таңдауға қызығушылығын арттыру және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін көтеру.
Биыл аталған байқау 18-рет өткізілді. Байқау барысында облыстағы жұмысшы жастар арасында үздік мамандар анықталды, олардың кәсіби шеберлігін жетілдіруге және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал жасалды. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыру, өнеркәсіптің дамуына үлес қосу, өнімдерді әзірлеу мен безендірудегі жаңа бағыттарды айқындау мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауға 16-35 жас аралығындағы жас мамандар қатысты. Олар барбер, визажист, аспаз, кондитер, дәнекерлеу ісі және қолөнер шебері номинациялары бойынша өзара сынға түсті. Байқау жұмыстарын тәжірибелі, өндірістік және практикалық тәжірибесі бар тәуелсіз сарапшылардан құрылған қазылар алқасы бағалады. Әр қатысушы жұмыстың күрделілігі, үйлесімділігі, орындалу техникасы мен жылдамдығы бойынша бағаланды.
Достық үйінде өткен марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сәлемов Серік Жақсылықұлы марапаттады. Жеңімпаздарға I, II, III дәрежелі дипломдар және сәйкесінше 100 000, 70 000, 50 000 теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.