Сәтті серпіліс: «Тараз» ӘКК өңірдің инвестициялық климатын нығайтуда

Сәтті серпіліс: «Тараз» ӘКК өңірдің инвестициялық климатын нығайтуда

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2024 жылғы және 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қызметінің қорытындысын жариялады. Биыл компания 183 миллион теңге таза пайда көрсетіп, 2020 жылдан бері алғаш рет тұрақты табысқа шықты. Корпорация активтері 13 миллиард теңгеге өсіп, 61 миллиард теңгеге жетті.

Бұл нәтижеге агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялар мен шағын өнеркәсіптік аймақтардың құрылысына бағытталған жобалар ерекше үлес қосты. Атап айтқанда, «Тараз» индустриалды аймағында және «Жібек Жолы» арнайы экономикалық аймағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метр болатын өндірістік алаңдар салынуда. Мұнда шыны, ауылшаруашылық техникасы, қағаз, капельді суару жүйелері және мототехника өндіретін кәсіпорындар ашылады.

2024 жылы «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылып, бір терезе қағидаты бойынша 300-ден астам кездесу өткізді. Нәтижесінде 25 меморандумға қол қойылып, жалпы құны 2,9 миллиард АҚШ долларына тең 35 жоба сүйемелдеуге алынды. Шу қаласындағы металлургиялық зауыт пен жүгеріні терең өңдейтін зауыт секілді ірі өндірістер 2024 жылы іске қосылды.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2019–2024 жылдары 8027 жобаға 38,4 миллиард теңге бөлінді. 2024 жылдың қыркүйегінен бері қайтарымды қаражат есебінен тағы 450 жоба қаржыландырылды.

ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға да белсенді атсалысуда. 2025 жылы әлеуметтік дүкендер мен жәрмеңкелер арқылы төмен бағамен 400 тоннадан астам картоп, 280 мың дана жұмыртқа, 32 тонна май және басқа да өнімдер таратылды.