Жамбыл облысы экономикасының перспективті және стратегиялық маңызды бағыттарының бірі туризм болып табылады. Еліміздің туристік тартымды өңірлерінің қатарында біздің облысымыз айтарлықтай туристік-рекреациялық әлеуетке және туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие.
Былтыр өңірге 199 мыңнан астам турист келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 127 пайызға жоғары. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі – 22,95 миллиард теңге. Биыл 25 жоба іске асырылып, 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде 2024 жылы 16 кәсіпкерге қолдау көрсетілсе, ал ағымдағы жылы бұл қызмет 18 туристік кәсіпкерлік субъектісіне көрсетілуде.
Биылғы жылы қазіргі заманғы туристердің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыратын 2 туристік демалыс аймағы ашылады. Бұл — Жамбыл ауданындағы «Арзан Сити» жол бойындағы қызмет көрсету кешені мен «Таскөл» туристік демалыс орталығы. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этнотарихи кешеніндегі «Ежелгі қамал кешені» пайдалануға берілді.
«Туризм – облыс экономикасының стратегиялық маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан осы салаға бизнес өкілдері мен инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Біз инфрақұрылым тартудан бастап туристік маршруттарды әзірлеуге дейін кешенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз», – дейді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.
Қазіргі таңда облыста 40 туристік нысан тіркелген. Олардың негізінде 10 жаңа туристік маршрут әзірленіп, инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды. Демалыс аймақтарына апаратын 34,8 шақырым автожол және 40 шақырымнан астам газ желісі тартылмақ. Сонымен қатар, «Көксай», «Алмалы», «Таскөл» сияқты туристік кешендерге жол салу мен қызмет көрсету сапасын арттыру шаралары қолға алынған.
Аймақта туристерге арналған ақпараттық терминалдар да орнатылып, цифрлық туризмнің элементтері кеңінен енгізілуде. Мұндай бастамалар облысқа келушілер санын арттырып қана қоймай, Жамбылдың тарихи-мәдени әлеуетін кеңінен танытуға сеп болмақ.
Өңірдің барлық салаларында тіршіліктің тың серпін алғаны байқалады. Өнеркәсіп пен өндіріс жаңғырып, кәсіпкерлік күшейіп, инвестиция ағылып, туризм тамыр жайып келеді. Ел экономикасына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Жамбыл өңірінің болашағы осы қарқынмен өркендей түспек.