Жамбылдық моноқалалар өңір дамуының өзегіне айналуда

Жамбылдық моноқалалар өңір дамуының өзегіне айналуда

Елімізде моноқалаларды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларды дамыту жөнінде Үкіметке тиісті тапсырма беруде. Мемлекет басшысы бірер жыл бұрын моноқалаларды дамыту жөнінде өткен республикалық кеңесте еліміздің дамуындағы моноқалалардың рөлі өте зор екенін, моноқалалардың 30 пайызы экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отырғанын баса айтқан.

Жалпы, біздің өңірде де моноқалаларды дамыту бойынша  жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 50 жылдан астам тарихы бар Жаңатас қаласы да күн өткен сайын қарқынды дамып келеді. Аумағы 3 мың гектарды құрайтын қаладағы елді мекен жерлерінің көлемі 2,5 мың гектар болса, халық саны бүгінде 25 782-ге жетіп үлгерген. Қала тұрғындарының 10 172-сі экономикалық тұрғыда белсенділер санатында. Оның ішінде 8 624-і жалдамалы жұмысшы болса, 1 154-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақовтың айтуынша, жалдамалы жұмысшылардың ішінде «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 507, «Қазфосфат» тау-кен өндірістік кәсіпорнында – 1 521, «Жел электр стансасында» – 30, Асыл тұз» соляная компания» серіктестігінде – 55, «Жарас» серіктестігінде 31 адам тұрақты жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.

– Қаланың экономикасының қарқынды дамуына негіз болатын басты сала – өңдеу өнеркәсібі. Кезінде Жаңатас қаласының аты аймақтан асып, елімізге, тіпті одақтас елдерге таныс болғаны баршаға мәлім. Қала құрылғаннан бастап өнеркәсіп саласы қарқынды түрде жұмыс істеп, өндірісі өркен жайған сол бір уақытта халық саны 60 мыңға дейін барды. Негізінде, Жаңатастың экономикалық-әлеуметтік дамуы халық саны мен жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Тұрғындардың басым бөлігін тұрақты жұмыспен қамту үшін ірі кәсіпорындардың өнім өндіру әлеуетін арттырып, мүмкіндігін кеңеейту қажет екені айтпаса да түсінікті. Өндіріс ошақтары мен өндіріс көлемі артқан сайын газ, ауызсу құбырын, электр желілерін тарту, жол салу секілді инфрақұрылым жүргізу қажеттігі туындайтыны бесенеден белгілі жайт. Бұл тұрғыда тиісті жұмыстар ретімен атқарылуда, - дейді Ілияс Әлімбайұлы.

Айта кетейік, бүгінде Жаңатас қаласында 18 шаруа қожалық белсенді жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтар 56 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мал саны 420 басқа ұлғайды. Қазіргі таңда 5 шаруа қожалық асылтұқымды шаруа қожалығы мәртебесін алды. Ал қала аумағында 1 953 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар.

Ал облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу қаласында жағымды істер көп. Айталық, 2023-2024 жылдары 62 көшеге асфальт, 3 көшеге тротуар, 16 көшеге шағал тас төселді. Нәтижесінде, асфальтталған көшелердің үлесі - 2023 жылмен салыстырғанда 
61 пайызға жеткен. Ал биыл ұзындығы 20 шақырым болатын 42 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, өткен жылы мұнда көше жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 25 миллион теңге қаражат бөлінсе, осы жылға 70 миллион теңге қарастырылған. Бұдан бөлек Қант зауыты мөлтекауданын ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынбақ.

Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры есебінен жалпы құны - 341 миллион теңгені құрайтын 2 ангар типтес спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал қаланың басты көрінісі - тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы темір жол вокзалының ғимараты мен аумағын абаттандыру жұмыстары бастау алды. Сонымен қатар бұл моноқалада ветеринариялық пункт салуға жеке кәсіпкер тарапынан жобалық-сметалық құжат әзірленіп, құрылысы жүргізілуде.

Дәл осындай жүйелі жұмыстар Қаратау қаласында да өз жалғасын табуда. Бұған дейін мұндағы А.Шейн көшесіндегі қонақ үйді әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. Ал қаладағы мазут шаруашылығын қайта құру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 451,9 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ мұндағы 10 көшені (Ш.Өмірзақұлы, Есейхан, К.Берікбайұлы, Геолог, Қ.Сүгірбаев, Ғ.Мұратбаев, Ш.Смаханұлы, Н.Ақынбекұлы, Ә.Жангелдин, Ә.Момбеков) орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 329,6 миллион теңге бөлініп отыр. Айта кетейік, осы жылы Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие және Арбатас көшелерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттен 696,4 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.