Таразда «Көне қамал» тарихи нысаны пайдалануға берілді

Таразда «Көне қамал» тарихи нысаны пайдалануға берілді

Тараз қаласында «Көне қамал» тарихи нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті
Мерекелік кеш барысында Жамбыл өңіріне танымал ақындар жырдан шашу шашып, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері «Айша бибі мен Қарахан» тарихи қойылымын сахналады.
Қонақтар назарына қаладағы шеберлер мен зергерлердің бірегей бұйымдары қойылған қолөнер көрмесі ұсынылды.
«Көне қамал» – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің логикалық жалғасы. Оң қабырғасы жасанды тастармен қапталған, ұзындығы 220 метрге жететін қорған ортағасырлық архитектура үлгісімен бой көтерген. Мұнда көне қалалар мен қамалдардың стилі сақталып, цитадельдер мен керуен-сарайлар бейнесі жаңғыртылған.
Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта бұл жерде апта сайын түрлі мәдени-рухани іс-шаралар мен шеберлер көрмесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына рухани демалыс алаңы ұсынылмақ.