Сарысу ауданында қазақ медицинасының көрнекті өкілі, медицина ғылымдарының докторы, профессор-хирург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабековтің 75 жылдығына арналған «Хирург, ғалым, қаламгер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен медицина саласының майталмандары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жиналып, ұлт саулығы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның еңбегіне құрмет көрсетті. Шара аясында профессордың өмір жолына арналған фото-галерея, кітап көрмесі мен шығармашылығына арналған инсталляциялар жұртшылық назарына ұсынылды.
Конференцияда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Болатбек Баймаханов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жақсылық Досқалиев, профессор Шәкір Жораев, кардиохирург Сейтхан Жошыбаев, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен өңірлік хирургиялық орталықтардың бас дәрігерлері баяндама жасап, Сағындық Ордабековтің ғылым мен медицинадағы үлесіне тоқталды.
Жиын барысында жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин «Шипагерлік пен шығармашылық үндестігі» атты баяндамасында мерейтой иесінің қаламгерлік қырын айшықтап көрсетті. Сонымен қатар, Сағындық Ордабековтің жаңа кітабының тұсаукесері өтіп, оқырмандарға таныстырылды.
Жамбыл облысы әкімінің құттықтауын жеткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев ардагер дәрігердің медицина саласындағы жаңашылдығы мен еңбегін атап өтіп, Алғыс хат табыстады. Конференция соңында Сағындық Ордабеков сөз алып, шараны ұйымдастырған ел азаматтарына алғысын білдіріп, жастарды ғылым мен ізгілік жолында адал еңбек етуге шақырды.