Тараз қаласында Халық әртісі Асанәлі Әшімов атындағы өнер орталығы салынады. Аталған орталық өңір руханиятын насихаттаудағы бірден-бір маңызды нысанға айналмақ.

Тараз қаласында Халық әртісі Асанәлі Әшімов атындағы өнер орталығы салынады. Аталған орталық өңір руханиятын насихаттаудағы бірден-бір маңызды нысанға айналмақ. Жаңа нысанның жөн-жобасын зерделеу мақсатында А.Әшімов көне шаһарға арнайы келді.
Кездесу барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Асанәлі Әшімовті жаңадан бой көтеретін өнер орталығының эскиздік жобасымен жан-жақты таныстырды. Өз кезегінде А.Әшімов орталыққа қатысты көкейдегі ұсыныстарын айтты.
Нысанның құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады. Өнер орталығының жалпы аумағы 834 шаршы метрді құрамақ. Екіқабатты ғимаратта театр, кино, хореография секілді өзге де үйірмелер жұмыс істейді. Осылайша, жергілікті жастарды өнерге баулу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Асанәлі Әшімов атындағы музей де аталған ғимаратқа көшіріледі. Ғимарат Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңынан бой көтереді. Өнер орталығының қасбеті неоклассикалық стильде, плиталы траветеринмен әдіптелмек. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.