"Тараз қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу" жобасы аясында кездесу өтті

"Тараз қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу" жобасы аясында кездесу өтті

Қала әкімі Бақытжан Орынбековтың төрағалығымен "Тараз қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу" жобасы аясында кездесу өтті. Кеңеске қалалық бөлім басшылары мен "Қолдау"ЖШС өкілдері қатысты.

Жиын барысында жобаның негізгі тұжырымдамалары, құрылымы мен орындалуы таныстырылды. Аталған жобаға қатысты қоғамдық тыңдаулар жақында өткізілген болатын. Сәйкесінше, екі апта бойы қала инфрақұрылымына қатысты азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары қабылданып, нәтижесінде компания өкілдері талап-тілектерді жобалық схемаға енгізді.Жобаның мақсаты - тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, экономиканы жақсарту, қаланы басқарудың тиімді тетігін құру.

Өз кезегінде қала басшысы жобаның ауқымды екенін, оны іске асыру кезінде туындайтын кедергілерді ескеру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, басқосу барысында қаланың көлік инфрақұрылымына қатысты негізгі мәселелер қозғалды, бұл тұрғыда жоба жоспары әлі де толықтыруды талап етеді. Енді атқарушы компания барлық ескертулер мен ұсыныстарды жүйелеп, енгізетін болады. Ол үшін серіктестікке екі апта мерзім берілді.