ЕРЛІК ЕЛГЕ - МҰРА, ҰРПАҚҚА - ҰРАН!

ЕРЛІК ЕЛГЕ - МҰРА, ҰРПАҚҚА - ҰРАН!
9 мамыр қасиетті де қастерлі Ұлы Жеңіс күні.
Жеңіс күні - тарих төрінен орын алатын ұлы мереке.
Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 79 жыл толды.
Ұлы Отан соғысы әрбір шаңыраққа, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы ізін қалдырмай қоймады. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды.
Бүгін сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні.
Миллиондаған адам «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен бел шешпей тылда еңбек етті. Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Осынау ерлікке толы Ұлы Жеңіс күні тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Бүгін Жаңатас қаласындағы Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған «Данқ» монументінде митинг өткізіліп, ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Митинг Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Митингте аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, жиналғандарды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
- Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсті. Олар Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қасиетті қазақ топырағынан екі миллионға жуық ұлдар мен қыздар Ұлы Отан соғысына қатысты. Біз осы қасиетті күні жанқиярлық ерліктің, өшпес өрліктің үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауырпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлы Отан соғысының ардагері Кемелбек Шаменов, үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында ауданымыздағы сұрапыл соғыстың соңғы сарбазы Ібіжанов Қабыл қария дүниеден өтті. Ұлы Отан соғысы жылдары тыл жұмыстарында аянбай тер төккен 50 тыл еңбеккерлері бейбіт күннің бесігінде ортамызда тұрып жатыр. Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан, есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз, —деген Сәкен Үмбетұлы митингке жиналғандарды құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі.
Бұдан кейін Сарысу аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Марат Сыздықбаев сөз сөйлеп, жиналғандарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Сұрапыл соғыста ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен аталар мен әкелердің рухын асқақтатуға келген көпшілік ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға құрмет көрсетіп, ерлікке тағзым етті.