Біз әжелердің әлдиі мен ертегісін естіп өскен ұрпақпыз.
Әжелер әр үйдің берекесі, алтын қазығы, әр шаңырақтың тірегі. Әженің ертегісі, атаның ақылы ұлттық құдылығымызды дәріптеудің негізі. Ақ жаулықты әжелер баланы жастайынан бауырына басып, оның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген.
Осы аптаның жұма күні облыс орталығы Тараз қаласында «Аялы әже» форумы өтті.
Бұл жиын ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесін жандандыруға арналған маңызды басқосу болды.
Аталған форумға Сарысу ауданынан да арнайы делегация барып қатысты. Аудан делегациясын аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов және аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков бастап барды.
Әжелер жиынында өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосып, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға белсене ат салысып жүрген бір топ аналар облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталды.
Форумға Сарысу ауданынан қатысқан аудандық "Аналар кеңесінің" мүшелері Тәуіржан Смайлова және Қызманат Дүрманова облыстық мәслихаттың, ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталармен марапатталды.
Салтанатты жиын әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Театрландырылған қойылымдар қойылып, өнерпаздар өнер көрсетіп көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кету керек, ауданымызда "Әулиеата" ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі, еңбек ардагері Светлана Қожаназарова жетекшілік ететін аудандық "Аналар кеңесі" әжелер бейнесін жандандырып, ұлттық, дәстүрлі құндылықтарды сақтап, дәріптеуде белсенді жұмыстар атқарып келеді.