Ауданда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын насихаттау, жас ақындарға рухани қолдау көрсету, таланттар мен дарындарды тану, олардың шығармашылық қабілеттерін анықтау мақсатында «Маралтай оқулары» облыстық байқауы өтті.
Ақын шығармашылығына арналған байқаудың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов сөз сөйлеп, Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің және аудан әкімі Сәкен Мамытовтың құттықтау хатын табыстады.
.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Халықаралық "Алаш " әдеби сыйлығының лауреаты, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Ғалым Жайлыбай, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Өмірбек Мейірхан, облыстық "Ақ жол" газетінің бас редакторы Хамит Есаман сөз сөйлеп өтіп жатқан шараның маңыздылығына, ақын Маралтайдың шығармашылығына, осындай байқаулардың ұлт руханиятын дамытудағы алар орнының ерекшелігіне тоқталса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы сөз алып, осы байқауды ұйымдастырып отырған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Екі номинациядан тұратын байқауда үміткерлер биылғы Сарысу ауданының 95 жылдығына арнаған арнау өлеңдерін мәнерлеп оқу және Маралтай Райымбекұлының өлеңдерін жетік меңгеру сияқты талаптарға сәйкес сынға түсті.
Қатысушылардың өлең-жырлардағы сөз қолданысына, ой жүйелігіне, көркемдік ерекшелігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахна мәдениеті және киіміне баса назар аударылды.
Байқауға облыстан 28 үміткер қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша топтан оза шауып, көптің ішінен дараланып көрінген үміткерлер жүлделі орындарға ие болды.
Сарысу ауданының 95 жылдығына арналған арнау номинациясы бойынша тараздық Аян Шораев 1 орынды, байзақтық Диана Әбдіманап 2 орынды, мойынқұмдық Жанасыл Жарылқасын 3 орынды иеленді.
Ал, Маралтайдың өлеңдерін жатқа оқу номинациясы бойынша Т.Рысқұлов ауданынан келген Арайлым Мейрамханқызы 1 орынды, сарысулық Жансезім Амантайқызы 2 орынды, Талас ауданынан келген Жандос Үсен 3 орынды иеленді.
Өзге қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, ақын ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, ҚР Жазушылар Одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық "Ақ жол" газетінің бас редакторы ХАМИТ ЕСАМАН, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы ӨМІРБЕК МЕЙІРХАН және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын МАРАЛТАЙ РАЙЫМБЕКҰЛЫ әділқазылық жасады.