ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ИГІЛІКТЕРІН ҚҰРМЕТТЕЙІК!

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ИГІЛІКТЕРІН ҚҰРМЕТТЕЙІК!
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы өтіп жатқан биылғы жылдағы үлкен тарихи оқиғаның бірі - Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы болды.
Еліміздің бүгіні мен ертеңін саралап баяндаған Президенттің Жолдауын теледидардан көріп, естідік.
Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бүгінгіден де жақсарту, күнкөріс деңгейін көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту, қымбатшылыққа жол бермеу үшін өндірілетін өнімнің бағасы мен сапасын өндірушіден бастап бірыңғай бақылау орнатуды қатаң жолға қою қажеттігі атап көрсетілді Жолдауда.
Шын мәнінде өнім арзандауы үшін шаруаға жағдай жасау, өнімді сатуға делдалсыз шығару - бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі белгілі.
Жалпы Президенттің халықты біршама тығырыққа тіреуі мүмкін қымбатшылықтың алдын алу үшін ұстанған бағыты көптің көңілінен шығатыны анық.
Әр қазақстандық үшін ең қымбат нәрсе Тәуелсіздігіміз екендігін Президент Қ.Тоқаев әрдайым ескертуде.
Егер Тәуелсіздігіміз болмаса, еліміздің дәл бүгінгі жағдайға қол жеткізуі екіталай болатындығы белгілі.
Ұлттық құндылықтарымыздан ажырап, біртіндеп тілімізді, ділімізді ұмытуға дейін ұшыраған халімізді осы Тәуелсіздігімізге қолымыз жеткеннен кейін ғана біліп, арада өткен 30 жылда ғана тарихымыздың терең тамырларын тануға ұмтылып жатырмыз ғой.
Тәуелсіздіктің отыз жылында еліміздің әлемге танылған тарихи кезеңдерін, дамудың даңғыл жолына шығудағы атқарылған қыруар істердің бүгінгі нәтижесін Президентіміз Жолдауында жан-жақты саралай баяндады.
«Біз үшін ең маңыздысы әр адамның тәуелсіздіктің игілігін сезіне алуы», - деген Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы түйіндеуі бәрімізге ой салуы керек.
Шын мәнінде біз осы Тәуелсіздігіміздің игілігін сезіне, бағалай, құрметтей біліп, сол үшін талмай еңбек етуге, еліміздің бостандығының баяндылығы үшін күресуге дайынбыз ба деген сауалға әрқайсымыз жауап іздеуіміз және соны таба білетін болуымыз керек.
Салтанат Жақсыпейілова, Сарысу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы