
Бүгін тарихы бай, Сыр өңірінде Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Ұлттық Құрылтай отырысы өтті.
Алқалы жиында келелі ойлар айтылып, ел болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Алдымен Президентіміз "Сыр - Алаштың анасы" деп алгашқы астанамызға жоғары баға беріп, Құрылтайдың Қызылордада өтуінің маңызды қадам екенін айтты. Сонымен қатар, аймақтың дамуын тілге тиек ете келе, өзекті мәселелерді де қозғады. Мәселен, Аралды құтқару - адамзат үшін өзекті міндет екенін, бұл жөнінде жұмыстарды тереңдету керектігін айтты. Себебі, су - еліміз үшін стратегиялық ресурс.
Қасым-Жомарт Кемелұлы экономикамыздың 6,5 пайызға өскенін және реформаның тиімді тұстарын атап өтті. Бұл ретте ауданымыздың да әлеуеті артып келе жатқаны байқалады.
Президентіміз өз сөзінде жасанды интеллект туралы да тоқтала кетті. Бұл туралы: - «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады, - деп нақты жеткізді. Демек, жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы заманға ілесуге болады.
Құрылтайда сондай-ақ, ұлттық мәдениет, жолдардың мәселесі, инфрақұрылымды дамыту, жастар саясаты сынды өзекті ойлар ортаға салынды. Әсіресе, жаңа Парламентті "Құрылтай" деп атау ұсынысы көптің көңілінен шықты. Расында атау ғана емес, тұтас бір болмысты сипаттайтын осындай руханият қоғам үшін қашан да құнды.
Аудан әкімі С. Мамытов