ЕЛІМІЗДІҢ ТҰҢҒЫШ АСТАНАСЫНДА V ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТІ

ЕЛІМІЗДІҢ ТҰҢҒЫШ АСТАНАСЫНДА V ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТІ

🔰Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның Тұңғыш астанасы Қызылорда қаласында V Ұлттық Құрылтай отырысы өтті. Алқалы жиынға еліміздің түкпір түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері, министрлер мен мәжіліс депутаттары қатысты. Бесінші рет өткізіліп жатқан Ұлттық Құрылтайда бірқатар заң жобалары талқыланып, жаңа бастамалар туралы ауқымды ойлар айтылды.

🔰Президент өз сөзінде: - Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл Форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды, - деп Құрылтайдың маңыздылығына тоқталды.