
БҰҰ миссиясының басшысы қазақстандық бітімгерлердің даярлығын жоғары бағалады
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің делегациясы инспекциялық сапармен Голан жоталарындағы БҰҰ Күштерінің бөлінген аймақты бақылау жөніндегі миссия орындалатын өңірге барды. Сапарды ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды.
Сапар барысында миссия қолбасшылығымен кездесу өтіп, оның шеңберінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аймақты бақылау мандатын іске асыру мәселелері, өңірдегі ахуал мен қазақстандық контингенттің қызметі талқыланды.
Миссия басшысы және БҰҰ бөлінген аймақты бақылау жөніндегі күштерінің қолбасшысы генерал-майор Анита Асма қазақстандық бітімгерлердің қойылған міндеттерді сапалы орындағаны үшін алғысын білдіріп, олардың іс-қимылын, кәсібилігін, тәртібі мен үйлесімді әрекетін жоғары бағалады.