
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын қолдауға қосымша қаржы бөлінеді: су үнемдеу мен техника жаңартуға басымдық Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлу ұсынылды. Қаржы бірінші кезекте су үнемдеу технологияларын енгізуге, мал шаруашылығын дамытуға және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бағытталмақ.
Соңғы жылдары өңір агросекторы бірнеше қиындықты бастан өткерді. Құрғақшылық, су тапшылығы, техниканың тозуы және өндіріс шығындарының өсуі ауыл еңбеккерлеріне айтарлықтай салмақ түсірді. Сондықтан жаңа бюджеттік түзетулер ұзақ мерзімді шешімдерге жол ашуды көздейді.
Жамбыл облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, шығыстарды көбейту өткен жылғы кірістердің артуы нәтижесінде қалыптасқан пайдаланылмаған қаражатты игеру және бюджет шығындарын оңтайландыру арқылы мүмкін болды.