«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясындағы рухани кездесу
Жамбыл облысы әкімі Е. Қарашөкеевтің бастамасымен өңірімізде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында ағымдағы жыл «Кітап оқу жылы» болып жарияланды. Аталған бастама тұрғындар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттауға, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
«Кітап оқу жылы» жобасы аясында Игілік ауылдық округінде ақын, жазушы Бауыржан Үсеновтің өмір жолы мен шығармашылығына арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында ауыл тұрғындарына қаламгердің өмірбаяны таныстырылып, өлеңдерінен шумақтар оқылды.
Кездесудің басты мақсаты – ауыл тұрғындарының, әсіресе жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қаламгердің шығармаларын кеңінен насихаттау. Ақын шығармаларындағы елге, жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік пен рухани тәрбие мәселелері кеңінен сөз болды.
Шараға қатысушылар кездесуден үлкен әсер алып, «Кітап оқу жылы» аясында мұндай тағылымды іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік білдірді.