
АУДАН ӘКІМІНІҢ КЕЗЕКТІ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ЛУГОВОЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Президент Жарлығына сәйкес Ернар Есіркеповтің кезекті халықпен кездесуі Луговой ауылдық округінде өтті.
Луговойлықтардың өтініш-тілектерін тыңдаған аудан басшысы оларды тиісті сала басшыларымен талқылап, сұрақтардың барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешілетіндігін жеткізді.
Атап айтқанда, кездесуде ауылдық денсаулық сақтау мекемесінің материалдық базасын жаңарту, ауыз су желілеріндегі ақауларды реттеу, көгілдір отын есептеу жүйесін жаңғырту және ауылдың сәулеттік келбетін сақтау мәселелері көтеріліп, сәйкесінше жауаптар берілді.
Жалпы, өткен жылы округке 159,9 млн теңге қарастырылып, 7 көшеге жарық орнатылса, 5 көшенің жолдары жөнделді, сондай-ақ стрит-уоркаут және балалар ойын алаңдары жаңартылды.
Ал, биылға алдыңғы кездесулерде халық жиі көтеріп, бүгінде шешімін тапқан М.Горький атындағы орта мектебінің алдындағы жол бойына жаяу жүргіншілер жолын салу және “Түрксіб” теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Кездесуден кейін Ернар Есіркепов жеке қабылдау өткізіп, онда көтерілген бірқатар мәселелерді жергілікті жерге шығу арқылы зерделеп, түпкілікті шешілгенге дейін жеке бақылауына алғандығын атап өтті.