
АУДАН ӘКІМІ АБАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Ернар Есіркепов Абай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және биылғы жоспарланған жобалар туралы баяндады.
Өткен жылы округ аумағында жалпы құны 580 млн теңгені құрайтын бірқатар жобалар іске асырылды. Суармалы алқаптарды кеңейту мақсатында Қарақат су каналы жаңғыртылды, Көкарық және Еңбекші ауылдарында балалар ойын алаңшалары салынды, ал көшелерге жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Биыл Қарақат су каналын қайта жаңғыртуға 242,1 млн теңге бөлініп, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Тұрғындар тарапынан мектепті күрделі жөндеу, бейіттерді қоршау, иесіз иттерді аулау және жаяу жүргіншілер жолын салу мәселелері көтеріліп, оларға заңнамаға сәйкес түсіндірмелер берілді.
Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің бастығы Жасұлан Таникеев құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары мен интернет алаяқтыққа қарсы сақтық шараларын түсіндірді.