❗️Сел қауіпі және оның алдын алу шаралары

❗️Сел қауіпі және оның алдын алу шаралары
❗️Сел қауіпі және оның алдын алу шаралары:
Сел – табиғаттың аса қауіпті құбылыстарының бірі. Ол кенеттен болатын, үлкен жылдамдықпен ағатын лайлы, тасты су тасқыны. Сел адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, материалдық шығындарға, инфрақұрылымның бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан Т. Рысқұлов ауданының тұрғындарына сел қаупінің алдын алу және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша негізгі ережелерді ұсынамыз.
 
Сел қаупі туындауының негізгі себептері
 
1.Қар мен мұздықтардың еруі – әсіресе көктем және жаз айларында қарқынды еру нәтижесінде таудағы өзендер мен көлдер деңгейі көтеріледі.
2.Күшті жауын-шашын – жауынның көп жаууы лайлы тасқындар мен селдің туындауына ықпал етеді.
3.Жер сілкінісі – жер асты дүмпулері тау жыныстарының қопарылып, селдің пайда болуына себеп болуы мүмкін.
 
Селдің алдын алу бойынша негізгі шаралар
 
•Тұрғындарды ақпараттандыру: Сел қаупі туралы жергілікті тұрғындарға уақтылы хабарлау маңызды. Бұл үшін радио, теледидар және мобильді байланыс құралдары қолданылады.
•Табиғи белгілерді бақылау: Егер өзен деңгейінің көтерілуі, қатты шуыл немесе лайлы судың ағысы байқалса, дереу қауіпсіз жерге көшу қажет.
•Инфрақұрылымды күшейту: Сел қаупі бар аймақтарда бөгеттер, селден қорғайтын арналар мен бекеттер салу қажет.
 
Сел кезінде не істеу керек?
 
1.Қауіп туралы ескерту алған сәтте құжаттарды, құнды заттарды алып, қауіпсіз жерге көшіңіз.
2.Селдің бағытына қарай жүрмеңіз, керісінше биіктеу жерлерге шығыңыз.
3.Өзіңізбен бірге ауыз су, азық-түлік, алғашқы медициналық көмек жиынтығын алыңыз.
4.Паналауға арналған жерді (үй, биік төбе) таңдаңыз және құтқарушылар келгенше сол жерде болыңыз.
 
Төтенше жағдайлар бөлімінің ескертулері
 
Т. Рысқұлов ауданының тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін сақтауды және сел қаупі туралы кез келген ақпаратты байыппен қабылдауды ескертеміз. Селден қорғану тек алдын алу шараларын ұстанған жағдайда ғана мүмкін болады.
 
Егер төтенше жағдай туындаса, 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарласыңыз. Біз сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жұмыс істейміз!
 
Т. Рысқұлов ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі