Бүгінгі күні қызметтер мен тауарлар үшін қолма-қол ақшасыз төлем нысанын пайдаланатын адамдар саны күннен-күнге өсіп келеді. Банктік аударымдар мен қолма-қол ақшасыз есепайырысудың біздің өмірімізге енгеніне де айтарлықтай уақыт болды.
Жылдар өткен сайын адамдардың ақшаға деген көзқарасы өзгеріп, қоғамдағы әлеуметтік реформалар есепайырысудың жаңа түрлерінің туындауына әсерін тигізді. О баста айырбас әдісінен басталған сауда саласы бірте-бірте даму сатыларынан өте келе, бастапқыда алтынға ауысты, одан кейін қағаз түріне, ал қазір біртіндеп электронды түрге ауысып жатыр. Дамыған елдерде электронды ақшаны пайдалану кеңінен тараған. Электронды ақшалар қанатын кеңінен жайып, қазір халық қызметінің барлық саласына біртіндеп ене бастады. Сонымен, электронды ақша дегеніміз не? Оларды қашан ойлап тапты және олардың мүмкіндіктері қандай?
Электронды ақша – бұл үйреншікті ақшаның бір түрі және ол тек қана электронды түрде, яғни арнайы электронды жүйедегі жазбалар түрінде кездесетін төлем құралы. Электронды ақшаның күнделікті өмірде пайдаланып жүрген ақшадан айырмашылығы, электронды ақшалар тек қана Интернет желілерінде пайдаланылады және оларды қолмен ұстап, қалтаңа сала алмайсың, бірақ электронды ақшаға қажет еткен затыңды сатып алуға, көрсетілген қызмет үшін есепайырысуға болады, бір сөзбен айтқанда оларды тура кәдімгі ақша сияқты пайдалануға болады.
Электронды ақшаның жаңа төлем құралы ретінде отандық нарыққа енуі 21.07.2011 жылы, мемлекет басшысы «Электронды ақшалар сұрағы бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған кезден басталады. Қабылданған заң алғаш рет елімізде «электронды ақша» деген ұғымды енгізіп, оның құқықтық мәртебесін бекітті. Электронды ақшаны пайдалану, қабылданған заңға сәйкес, басқа да төлем құралдары - төлем карточкалары, чектер, вексельдер, төлем тапсырмалары сияқты төлем жасау тәсілдеріне жатқызылды.
2016 жылғы 26 шілдеде «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» № 11-VІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы, 01.07.2021 жылғы жағдай бойынша өзгерістері мен қосымшаларымен бірге қабылданды (бұдан әрі-Заң). Қабылданған Заңға сәйкес электронды ақшаны шығару құқығы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін электрондық ақша шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабардар еткен эмитентке (заңды тұлғаға) беріледі. Бұл жағдай, электронды ақшаны шығару қызметі жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартумен, сондай-ақ бірқатар банктік операцияларды орындаумен байланысты болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, Заңда электронды ақша жүйесіне жеке банктік емес ұйымдардың (заңды тұлғалардың) эмитенттердің агенті не болмаса жүйе операторы ретінде, эмитенттермен жасалған электронды ақша шарттары негізінде қатысу мүмкіндігі көзделген. Яғни, жеке ұйымдар банк - эмитенттердің айналымға шығарған электронды ақшаларын таратумен (сату және сатып алу) айналыса алады және оларды пайдалана отырып, операцияларға қызмет көрсете алады. Эмитенттің электронды ақшаны шығаруы, электронды ақша иелерінен алдын ала алған қаражат сомасының шегінде жүзеге асырылады. Бұл норма эмитенттердің қамтамасыз етілмеген электронды ақша шығару мүмкіндігін болдырмау мақсатында енгізілген.
Электронды ақшалардың айналысы компьютерлік желілер, интернет, терминалдар және электрондық әмияндар арқылы жүзеге асырылады. Ықтимал ақшалардың иесі болу үшін, алдымен электронды ақша жүйесін таңдау қажет.
Электронды ақша жүйесі электронды ақшаның көмегімен үйден шықпай-ақ, тәулігіне 24 сағат бойында коммуналдық және мобильдік, салық, жол жүру ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды және бюджетке басқа да төлемдерді төлеуге, сондай-ақ Интернет-дүкендерден қалаған тауарыңызды сатып алуға мүмкіндік береді.
Сөз жоқ, электронды ақшалар бүгінгі күннің сұранысынан туындаған қажеттілік болып отыр. Электронды ақшалар – бұл дамуға қажетті инновациялық әлеуетті сақтап қалған азғана саланың бірі болып табылады.
ҚР Ұлттық Банкі
Жамбыл филиалының
бөлімше бастығы
Эминов Али