Жазғы сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты өтті

Жазғы сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты өтті

Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл — жаз маусымы. Үш ай демалыс кезінде балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Оқушылардың дені өздері оқитын мектеп жанындағы лагерьлерге баратыны белгілі. Тағы бірі Қарақыстақ тауында орналасқан аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты жазғы демалыс лагеріне демалуға барады. Осы орайда, кеше лагерьдің ашылу салтанаты өтті.

Жасөспірімдер мен балалардың жаз мезгілінде денсаулықтарының сауықтырылып, өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығармашылықтарын дамытып, өсіру — бүгінгі күннің басты міндеті. Биылғы жылы аудандағы барлық мектептерде жазғы сауықтыру лагері өз жұмысын атқаруда. Лагерьге тартылған балалардың 5084-і демалыспен және сауықтыру іс – шараларымен қамтылса,оның ішінде 299 бала еңбекке бауылып отыр. Мұнда балалар екі ауысым бойынша спорттық, тілдік және дебаттық бағыттағы үйірмелерге қатысады. Бала қабылдағанда әуелі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасы, көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасының балаларына басымдық берілді. Лагерьге келген балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысады.

Қалай десек те, жаз бойы балалардың көзден таса болмай, уақыттарын тиімді өткізуіне тек мектеп қана емес, ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет.