Ауданда караоке орталығы ашылды

Ауданда караоке орталығы ашылды

Жергілікті халықтың бір мезгіл тынығып, уақытын тиімді өткізу үшін кинотеатр, театр, караоке орталықтары секілді орындардың алар орны ерек. Ауданымызда да осы бағытта біршама іс-шаралар атқарылып, тұрғындардың талап-тілегі орындалып келеді. Соның бірі аудан орталығында караоке орталығын ашу еді. Осы мәселе бойынша басылым бетінде бірнеше мақалалар жарияланып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Міне, бұл мәселе де аудан әкімдігі тарапынан өз шешімін тауып, өткен аптаның жексенбісінде ел игілігіне берілді.
Бұл күні аудандық «Сұлутөр» кинотеатрының ғимаратында көптен күткен караоке орталығының ашылу рәсімі болды. Караокенің ашылу салтанатында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов

құттықтау сөз сөйлеп, орталықтың лентасын қиды. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген караокенің ашылу салтанатында Қожайхан Қазыбайұлы аудан халқы үшін жасалған караоке орталығының маңызын атап өтті.
– Әсіресе бұл орталық жастар үшін аса қажет. Қазіргі таңда аудан жастары арасында жасалған қылмыстың саны көбейіп жатыр. Көше кезіп, болашақ өмірін құрбандыққа шалып жүрген жастардың уақытын тиімді әрі қызықты өткізуі үшін караокенің алар орны ерекше. Сондықтан алдағы уақытта караоке орталығының аудан жастары үшін таптырмас көңіл көтеретін орын болатынына менің сенімім зор, – деді Қожайхан Қазыбайұлы.
Осы орайда ауданның белсенді жастарының бірі Тоқтасын Тоқсаба да Қожайхан Қазыбайұлының бұл сөзіне толықтай қосылып, караоке орталығы аудан жастарына көптеген мүмкіндіктер ашады дейді. Тоқтасын Тоқсаба: «Бұл күні жастарымыз көңіл көтеру, демалу мақсатында Тараз немесе Меркі қалаларына барады. Ал бұл караокенің ашылуы біз үшін жағымды жаңалық» деп өз ойын білдірді.

Ахмет Қамшыбек