Ветеринария саласы ілгері дамып келеді

Ветеринария саласы ілгері дамып келеді

Бейсенбі күні Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашев арнайы іс-сапармен ауданымызда болды. Ауылшаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану салаларына жауап беретін аймақ басшысының орынбасары аудандағы бірнеше нысандарды аралап көріп, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысының орынбасары Жамбыл облысы ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың ұйымдастыруымен ауданымызда өткен облыстық семинарға да қатысты.
Жалпы соңғы жылдары ауданымызда ветеринария саласы қарыштап болмаса да, ілгері дамып келеді. Оған аудан басшыларының аталмыш салаға дұрыс назар аударуы сеп болып тұрғандай. Бүгінгі таңда Серік Дәлібаев жетекшілік ететін салада барлығы 145 маман қызмет етеді. Оның ішінде әкімшілік басқаруда 10 маман жұмыс істесе, ауылдық округтерде 17 адам аға мал дәрігері болып қызмет етуде. Дәл қазіргі таңда ветеринар дәрігерлердің орташа айлығы 128500 теңгені құраса, фельдшерлердің орташа айлығы 87600 теңге шамасында. Сондай-ақ, аталмыш саладағы мамандар бүгінде біркелкі арнайы жұмыс киімімен, қажетті құрал-жабдықтармен, жол талғамайтын көліктермен қамтамасыз етілген. Бұл – бір. Екіншіден, аты аталған кәсіпорын теңгерімінде 9 ветеринарлық пункт бар. Олар Құлан, Қорағаты, Құмарық, Өрнек, Абай, Қарақыстақ, Ақыртөбе және Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде орналасқан. Ал Ақбұлақ ауылындағы ветеринарлық пункттің жаңадан соғылуына байланысты бүгінгі таңда оның құжаттары толық рәсімдеуден өткізілуде. Сондай-ақ, ветеринариялық пункттер жылумен, сумен және негізгі құрал-жабдықтармен, интернет желісімен толық қамтылған.
Серік Дәлібаев басқаратын бөлім бюджет қаржысына салмақ салуды көздемейді. Керісінше жоқтан барды шығарып, ақылы қызмет көрсету жұмысын жаңаша жандандырған. Атап айтқанда, елді мекендердегі әрбір пунктің жанынан алғашқы көмекке қажетті дәрі-дәрмектерді алып, шағын ветеринариялық дәріхана ашқан. Бұл баянды бастама бүгінде шалғайда өмір сүріп жатқан тұрғындарды аудан орталығына сабылтпай, дерті бар төрт түлігін дер кезінде емдеп алуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, басшы бастамасымен үй жануарларына ота жасау үшін аудан орталығындағы ветпункттің бір бөлмесі арнайы жабдықталуда.
Айта кету керек, ақылы қызметті әрмен қарай дамыту мақсатында өзге де бастамалар қолға алынып жатыр. Солардың ең бастысы – мал сою алаңын ашу. Бүгінгі таңда ақылы қызметтен түскен қаржыға орталық ветпункттің артынан барлық санитарлық талаптарға сәйкес келетін арнайы мал сою алаңы салынуда. Жұмыс жоспарлы түрде жүргізілсе, аталмыш нысан мамыр айында қолданысқа берілмек.
Жоғарыда атап өткен жұмыстарды Берік Болатұлы өз көзімен көріп, танысып шық­ты. Ізінен санитарлық талаптар барынша сақталған семинарға қатысып, шаруа қожалық басшыларының сұрақтарына жауап берді. Шаруалар әкім орынбасарына субсидия алу, тері мен жүнді кәдеге жарату, емдеу шараларындағы кездесетін келеңсіздіктер, жер бөлу, техниканы жеңілдікпен сатып алу, колледж іргесінде орналасқан зертхананы мақсатты түрде пайда­лануға қатысты сан түрлі сауалдар жолдады. Берік Болатұлы жолданған сұрақтарға толыққанды жауап қайтарды.
Түс ауа сала басшысы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде өткен дөңгелек үстелге қатыс­ты. Мұнда өзге аудандардан келген қонақтар, тиісті сала мамандары кемшіліктерді, жалпы көр­сет­кіштерді, алға қойған жоспарларды кеңі­нен қарастырды. Тіпті, жиын соңында аймақ басшысының орынбасары Берік Нығмашев Жамбыл облысы ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың жыл бойы атқарған жұмысының қорытынды есебін тыңдады.
Жиын соңында әкім орынбасары асыл тұқымды мал басын көбейту, салаға жаңа технологияларды енгізу, төрт түлікке уақытылы екпе егу, қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарын басты назарға алып, біріге қызмет етуге шақырды.