Аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес Қорағаты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында округте атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерге назар аударылды.
Соңғы жылдары аталған ауылдық округті дамытуға бюджеттен 500 млн теңгеден аса қаржы қарастырылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар кешенді жұмыстар атқарылды.
Оның ішінде, инфрақұрылымды дамыту бағытында шалғай жатқан Тойқұдық, Мамыртөбе және Аққайнар елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, Қорағаты станциясында 10 келушіге арналған жаңа медициналық пункт, Қорағаты ауылында ветеринариялық пункті және өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.
Кездесу барысында тұрғындар егістікке артезиан суын шығару, тал егу жұмыстарын жандандыру, ауыл шаруашылығы жануарларын сырғалау, қаңғыбас иттер мәселесін шешу және жұмыспен қамтуға қатысты мәселелерді көтерді.
Көтерілген мәселелер толық шешімін тапқанға дейін тұрақты бақылауда болып, жауапты тұлғаларға тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, аудан әкімі Ернар Серікәліұлы тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға үлес қосып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу соңында тұрғындар көтерген мәселелер бойынша жауапты тұлғалармен бірге тиісті нысандарға барып, жағдай зерделеніп, оларды жедел шешу жолдары пысықталды.