
АУДАННЫҢ БАС ҰСТАЗЫ БІЛІМ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРДЫ БАЯНДАДЫ
Бүгін аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен білім бөлімі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен саладағы өзекті мәселелер қаралды.
Ағымдағы жылы ауданның білім саласын қаржыландыруға 20,7 млрд теңге бөлінген.
Бүгінде аудандағы 28 мектепке дейінгі ұйым «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидасы негізінде жеке қаржыландыру жүйесіне толық өтті. 3–6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 100%-ға жетсе, 2–6 жас аралығында бұл көрсеткіш 97,5%-ды құрап отыр.
Бөлімге қарасты 39 орта білім беру ұйымында 13 309 оқушы білім алуда.
Оқушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ: 1–4 сыныптағы барлық 4 905 бала және әлеуметтік осал санаттағы 3 041 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар 19 елді мекеннен 600 бала 15 автобус арқылы 13 мектепке тұрақты тасымалдануда.
Биылғы оқу жылында 4 мектепке 12 жаңа үлгідегі пән кабинеті, сондай-ақ 2 мектепке технология кабинеттері орнатылды.
Бөлім тарапынан бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 39 мектептің 9-ы арнайы күзет пен турникет жүйесімен жабдықталған. 30 мектепке жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелері орнатылды. Білім беру ұйымдарында жалпы 300 ішкі және 244 сыртқы бейнекамера жұмыс істеп тұр.
Қазіргі уақытта Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте күрделі жөндеу, «Күншуақ» балабақшасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің күрделі жөндеуі толық аяқталған болатын.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі барлық атқарылып жатқан жұмыстарды саралай отырып, оқушылардың қауіпсіздігін күшейтуді, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру нысандарында жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.