ЕРНАР ЕСІРКЕПОВ ЖАҢА АУЫЗ СУ ИМАРАТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАСЫНДА БОЛДЫ
Аудан әкімі Ернар Есіркепов өлкеде салынып жатқан ауыз су имараттарының құрылыс барысын зерделеді.
Атап айтқанда, Сөгеті, Мамай және Шөңгер ауылдарындағы нысандардың жай-күйін зерделеп, аумақтарды абаттандыру және өзге де бағыттар бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда аталған елді мекендердегі ауыз су имараттарының құрылысы толық аяқталды. Алдағы күндері ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылып, тұрғындар игілігіне берілетін болады.
Бүгінгі таңда ауданның 38 ауылдық елді мекенінде (90,4%) немесе 64,8 мың тұрғыны (95,5%) орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ауданның даму жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы ауданның барлық 42 елді мекені 100% ауыз сумен қамтылатын болады.
Одан бөлек, биыл Р.Сәбденов ауылына жаңа ауыз су жүйесін тарту үшін 982 млн теңгеге келісім-шарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталды. Жоба жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне беріледі.
Сонымен қатар, Ернар Есіркепов халық көптен күткен Сұмқайты ауылына бағытталған көлік жолының жаңа жабындысын және Құлан ауылындағы аялдамалардың жағдайын зерделеді.