КЕҢЕЙТІЛГЕН КЕҢЕС: АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ МЕН АПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдері және бөлім басшылары мен кәсіпорын жетекшілерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.
Күн тәртібінде 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Кеңес барысында аудан әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша есеп беріп, негізгі жетістіктер мен шешімін күткен мәселелерді атап өтсе, аудандық полиция бөлімінің бастығы Жасұлан Таникеев құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылдың қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша жалпы шығарылған өнім көлемі 36,2 млрд теңгені құрады. Ал ауданның өзіндік кірістері 2 млрд 514,2 млн теңгеге жетіп отыр. Бұл аудан экономикасының тұрақты өсімін айқындайтыны анық.
Кеңеске қатысқан аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және кәмелетке толмағандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтеріп, бұл бағыттағы ұсыныс-тілертер бойынша Ернар Есіркепов тиісті бөлім басшыларына хаттамалық тапсырмалар берді.