ЕРНАР ЕСІРКЕПОВТІҢ КЕЗЕКТІ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ АҚБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімі Ернар Есіркеповтің Президент Жарлығына сәйкес кезекті тұрғындармен кездесуі Ақбұлақ ауылдық округінде өтіп, аудан басшысы ақбұлақтықтарға өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарларды баяндады.
2024 жылы округ аумағында жалпы құны 626,1 млн теңгені құрайтын бірқатар маңызды жобалар іске асырылды.
Атап айтқанда, Р.Сәбденов ауылында 298 млн теңгеге 15 келушіге арналған медициналық пункт пен 268,3 млн теңгеге жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Одан бөлек мәдениет үйінің қазандығы газдандырылып, 3 көше асфальтталды және 2 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылып, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 10 мың түп ағаш отырғызылды.
Ал биылғы жылы жоба құны 485,6 млн теңгеге Р.Сәбденов ауылында ауыз су имаратының құрылысы жүргізілуде.
Кездесу барысында тұрғындар аудан әкіміне Қызылшаруа ауылындағы мектептің жылу жүйесін газға ауыстыру, жаяу жүргінші жолын салу, интернет жылдамдығын арттыру сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Бұл ұсыныстардың барлығы кездесуде зерделеніп, түпкілікті шешілгенге дейін бақылауға алынды.
Кездесуден кейін Ернар Есіркепов ауылда салынып жатқан ауыз су имараты мен өткен жылы қолданысқа бірілген спорт кешенінің жұмысыН зерделеді.