ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімдігінде құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Ернар Есіркепов төрағалық етті. Шараға аудан прокуроры Болат Қалыбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Жасұлан Таникеев және тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Комиссия отырысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, интернет алаяқтықтың алдын алу шараларының тиімділігі, жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылық пен жарақаттану фактілерінің алдын алуға бағытталған жадынамалар әзірлеп тарату, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.
2025 жылдың басынан бері аудандық полиция бөлімі тарапынан ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес 13 интернет алаяқтық дерегі тіркеліп, оның ішінде 6 іс ашылып, заң аясында түпкілікті шешім қабылданған.
Биылғы жылы аудан бойынша 1–10 сынып аралығында білім алатын 12 855 оқушының 9 585-і немесе 74,56%-ы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылуда.
2025 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында аудандық бюджеттен 1,5 млн теңге бөлініп, «Нығмет Нұры» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды. Жоба аясында 15 ауылдық округте «Жемқорлықсыз болашақ» атты дәрістер, кездесулер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда 6 кездесуде 1000-ға жуық азамат қамтылып, 2 ақпараттық баннер ілінді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген 2023–2025 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар негізінде ауданда тиісті іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.