АУДАН ӘКІМДІГІНДЕ КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ КЕҢЕС ӨТТІ
Бүгін аудан әкімдігінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Кеңесте Мансап орталығының биылғы алты айда атқарған жұмыстары мен ауылдық округтердегі инспекторлық зерделеу нәтижелері қаралды.
Ағымдағы жылы 2000 адамды жұмыспен қамту жоспарланғанымен, көрсеткіштердің төмен екені атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігі ескертілді.
Ернар Есіркепов «Ауыл аманаты», «Жастар тәжірибесі» секілді мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың әлеуетін толық пайдалануды тапсырды.
Кеңесте сондай-ақ жол белгілері, қоқыс полигондары мен ақпараттық баннерлердің жай-күйі талқыланды. Инспекторлық зерделеу нәтижесінде аудан аумағындағы жол белгілерінің 40%-ы ескіргені анықталып, жаңарту жұмыстары тиісті бөлімге жүктелді. Бұл жайында аудандық полиция бөлімінің инспекторы да атап өтті.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері 108 өрттеу фактісі тіркеліп, 15 азаматқа айыппұл салынған. Осыған орай аудан басшысы өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтіп, өрт гидранттарын жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» және облыс әкімінің бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Like» жобаларын жүйелі түрде орындау қажеттігі де назарға алынды.
Сонымен қатар аудан көлемінде көше жарығы мен су жүйелерін ұстауға өткен жылы 509 млн теңге жұмсалса, биыл бұл қаражат 600 млн теңгеден асады деп күтілуде. Осыған байланысты округ әкімдеріне жарық жүйесін тиімді пайдалану арқылы артық шығынға жол бермеу тапсырылды.
Кеңес соңында балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қараусыз қалған, құрылысы аяқталмаған нысандар мен су айдындарына ескерту тақтайшаларын орнату және халықты ақпараттандыру шараларын күшейту міндеті жүктелді.
Кеңес қорытындысында өзекті мәселелер талқыланып, бірқатар хаттамалық тапсырмалар берілді.