Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Шара барысында асыл тұқымды қойлар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы саласындағы үздік жетістіктер таныстырылды.
Жамбыл ауданы бүгінде облыстың ауыл шаруашылығындағы көшбасшысы болып, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып отыр. Аудан облыс көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімінің 22%-ын қамтамасыз етіп, алғашқы орында тұр. Мал шаруашылығында ірі қара малдың 19%-ы, қой мен ешкінің 44%-ы, жылқының 22%-ы аудан үлесіне тиесілі. Жыл басынан бері 13,5 мың тонна ет, 29,6 мың тонна сүт, 99,6 миллион жұмыртқа өндіріліп, тұрақты өсім байқалуда.
Егін шаруашылығында ауданның егістік алқаптары 104,6 мың гектарды құрап, облыстың өсімдік шаруашылығы өнімінің 36,6%-ын өндіруге мүмкіндік беруде. Биыл 120 мың тонна астық, 33 мың тонна көкөніс, 5,7 мың тонна майлы дақыл жиналды. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиялары 7,7 мың гектар жерге енгізіліп, егіншіліктің тиімділігі артты.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Биыл 429 миллион теңгеге 33 жаңа техника сатып алынып, бұл саладағы жаңарту көрсеткіші 80%-дан 53%-ға дейін төмендеді.
Ауданда шаруаларды қолдау мақсатында 19 мал бордақылау алаңы мен 6 сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұр. “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 125 жоба мақұлданып, 1,13 миллиард теңге несие берілді.
Шара соңында ауыл шаруашылығына елеулі еңбек сіңірген азаматтар аудан әкімінің арнайы марапаттарына ие болды.