Бүгін аудан әкімі Ермек Карентаев Көкжелек ауылында болып, ауыл қарияларымен кездесті.
Кездесуде аудан әкімі Е.Амангелдіұлы күні кеше жол апатынан көлік ішіндегі адамдарды құтқарып, өз өмірін өзгенің өмірін құтқару жолында құрбан етуге әзір болған, «Бурылбайтал» орман шаруашылығының орманшысы Әлиев Мәдидің ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі екенін айтып, Мәдидің әкесі Мақсұт қарияға Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлығын табыс етті.
Бұдан кейін ауыл ардагерлерінің ұсыныс-тілектерін тыңдады. Еңбек ардагерлері Сайын Жұмабаев, Сіргебай Иманбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсен Бейсенов, ауылдық клубтың меңгерушісі Болат Жақсылықовтар ауыз су, жол мәселесі бойынша ұсыныстарын айта келе, ауыл балаларының спорттан жүлдемен оралып жүргенін тілге тиек етіп, спорт кешені мен мәдениет үйін салу, марапат мәселелерін жеткізді. Сондай-ақ «Өзге үшін алаңдап, өз өмірін қатерге тіге алатын жүректі жігіттеріміз көп болсын, бейбіт күннің батырына алдағы өмірде тек жақсылық тілейміз» деп ақ жарма тілектерін айтты.
Аудан басшысы кездесуде көптің көкейінде жүрген келелі мәселелер мен ұсыныстар айтылғанын тілге тиек етіп, өз бақылауына алатынын жеткізді.
Мұнан соң аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Алдымен өткен жылы күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратында ашылған «Соғыс және еңбек ардагерлеріне» арналған музей бөлмесімен танысты. Ауылдық клубтың меңгерушісі Болат Жақсылықов бөлмедегі арнайы бұрыштарда өмір жолы жазылған соғыс және еңбек ардагерлері бір кездері елі, халқы, келешек ұрпағы үшін игі істер атқарғанын, ауданға белгілі көптеген асыл азаматтардың өмір тарихы жайлы сыр шертетін суреттер мен құжаттар, ауылдың отымен кіріп, күлімен шыққан соғыс және еңбек ардагерлері жайлы мағлұмат беретінін айтып өтті.