8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні

Аяулы аналар, ардақты әже, апа, қарындастар!

Сіздерді күлімдеген көктеммен бірге келетін, жақсылықпен, жылылықтың, қуаныш пен шаттықтың мерекесі - 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыз қыз баланы айрықша ардақтап, оларды инабаттылыққа және иман жүзділікке тәрбиелеген. Сондай-ақ, әйел затына аса қамқорлықпен қараудың халықтық қағидаларын қалыптастырған. Өйткені, олар сұлулықтың, мейірімділіктің, ақылдылықтың нұрын дарыта білген. Ата-баба дәстүрін көзінің қарашығындай сақтаған нәзік жандардың ізгілікті істері қай кезде болмасын қоғам дамуының қарқынына үлкен үлес қосуда.
Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды.
Бүгінде әйелдер қауымы қоғамымыздың экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани және басқа да салаларында жүзеге асырылып жатқан өміршең өзгерістерге белсене араласып, тәуелсіз мемлекетіміздің күш-қуатының артуына өз үлестерін аямай қосуда. Ондай арулар, аналар біздің ауданымызда да бар.
Олар әрбір шаңырақтың отын маздатып, береке мен бірліктің тірегі болуда. Сіздер – бүгінгідей ыстық ықылас пен ізгі ілтипатқа мереке кезінде ғана емес, әрқашанда ие болуға лайықтысыздар. Алдағы уақытта да қоғамымыздағы тұрақтылық пен ынтымақтың кепілі, жасампаз істердің дем берушісі болып қала бересіздер.