Асар-ел бірлігі.
Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.
Дәл бүгін атына заты сай, Мойынқұм ауданының бірлігі жарасқан Бірлік ауылында «Асар» жобасымен берілген баспананың кілті осы ауылдың тұрғыны М. Баялиевке тапсырылды.
Аудан басшысы Ә.Балқыбеков арнайы барып үй иесін баспаналы болуымен құттықтап, өзінің ізгі ниет тілектерін жеткізді. Сондай ақ осы игі тіршілікті ұйымдастырған Бірлік ауылының 1991 жылы туылған жастарына аудан халқы атынан рахметін айтып "Алғыс хатын" табыс етті.
Осыдан кейін ауыл биі Сыздықбаев Кемпірбай ақсақал құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы Мұратхан Иманалиев ақ батасын берді. Асарлатып салынған үйдің лентасын аудан басшысы Әлихан Балқыбеков пен Кемпірбай ақсақал қиып, әжелер тәттіден шашуларын шашты.
Жалпы Мойынқұм ауданында биылғы жылы 6 үй Асар жобасымен беру жоспарланған болса, бүгінгі Бірлік ауылындағы табысталған үй 2-ші баспана екен, демек жыл соңына дейін әлі 4 үй берілетін болады.