
Әскерге шақыр – міндет пен мүмкіндік
Бозбалалардың көбі Отан алдындағы борышын өтегеннен гөрі, ерте еңбекке араласып, ақша табуды мақсат тұтады. Ал олар әскерден жалтарғаны үшін айыппұл төлейтінін біле ме? Тіпті азаматтық борышынан түбегейлі бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан хабардар ма?
Тепсе темір үзетін, дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Әскерден қашқандар Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.
Әскери борышын өтеуден қасақана қашқандар Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жазаланады. Әскерге барудан мүлдем бас тартқандарға 1000 АЕК(3 450 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырылады.
Ал әскерге бармаудың жолын іздеп денсаулығына қасақана зиян тигізгендер, денсаулығында кінәрат бар екенін көрсететін жалған құжат жасағандардың жазасы тіпті қатал. Олар 3 000 айлық есептік көрсеткіш (10 350 000 теңге) көлемінде айыппұл төлейді немесе 3 жылға қамауға алынуы мүмкін. Сондай-ақ қарамағындағы қызметшінің әскерге шақырту заңдылығын бұзғанын біле тұра тиісті орындарға хабар бермеген жұмыс берушілер 29 170 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.
Әскерге шақыртылған азамат Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, айыбын өтесе де, міндетінен құтылмайды. Келесі көктемгі немесе күзгі шақыртуда қайта сапқа тұрады.
Әскерге баруға құлықсыз жастардың әрекетінен Президент те хабардар. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы наурыз айындағы халыққа Жолдауында оларды ынталандыру керек деп нақты тапсырма берді. Қазір әскерге барған жастарға бірқатар жеңілдік қарастырылады. Соның бірі – әскери қызметшілеріне кредиттік каникул беру мәселесі. Қазір бұл бастама іске қосылды.
Сондай-ақ 2013 жылдан бастап түрлі себеппен Отан алдындағы қастерлі борышын өтей алмағандарға әскери қызметтен өтудің шетелдегі секілді балама түрі ұсынылып, «Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі» заңға өзгеріс енді. Әскери билетті міндетті түрде бір жылдан кейін емес, бір айдан кейін алу мүмкін болды. Әскерге қабылданғандар «40 күндік әскер» аталатын курста борышын өтей алады. Оған 24 пен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды, денсаулығына байланысты жарамдылығы шектелген және шақырылуы шегерілген азаматтар қатыса алады. Бұл әскер түрі ақылы – 305 000 теңге. Осылайша, мерзімді әскери қызмет екі жылдан бір жылға дейін қысқарды, ал енді тіпті қырық күндік әскер де қарастырылды.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдік беріледі. Жобаны іске асыру үшін қазірдің өзінде еліміздің алпыстан аса жоғары оқу орнымен меморандумға қол қойылған. Бұған қоса биылдан бастап әскерге барып келген азаматтар Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ жоғары оқу орнында тегін білім алады. Оларға мемлекет тарапынан үш мың грант бөлінген. Сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орнына өтініш бере алады.
Н.ҚАЗАҚБАЙҰЛЫ,
аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-
инспекторлық бөлімшесінің басшысы.