Қаржылық есептілік аудиті – мемлекеттік аудиттің маңызды бөлігі

Қаржылық есептілік аудиті – мемлекеттік аудиттің маңызды бөлігі

Мемлекеттік аудиттің мақсаты бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.

Өз кезегінде, қаржылық есептілік аудиті – мемлекеттік аудит объектісі қаржылық есептілігінің, бухгалтерлік есебінің және қаржылық жай-күйінің анықтығын, негізділігін бағалауға негізделген мемлекеттік аудиттің түрі болып табылады.

Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі – Департамент) Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган ретінде, өз құзіреті шегінде,  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілігіне, оның ішінде шоғырландырылған қаржылық есептілігіне және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жыл сайынғы аудит жүргізді.

Департаменттің 2021 жылға бекітілген мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес,«Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма),«Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қаржы бөлімі) шоғырландырылған қаржылық есептілігіне, «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Меркі ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қаржылық есептілігіне аудит жүргізіліп, нәтижесінде республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 бұйрығымен бекітілген «Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларында» белгіленген көлемде және республикалық, жергілікті бюджет есебінен ұсталатын бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 640 бұйрығымен бекітілген «Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мен бюджеттi атқару жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi органдардың шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi жасау қағидаларында» белгіленген көлемде және нысандар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептiлiктерін жасау мен ұсынудақаржылық есептіліктің бұрмалануына әкеп соққан бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды.

Аудитпен үш объект бойынша жалпы сомасы 138 002 934,0 мың теңгеге баланс валютасы қамтылып, жалпы сомасы 10 044 347,7 мың теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қаржылық бұзушылық 1300,4 мың теңге (қаржылық есептілікке әсер ететіні 776,6 мың теңге, әсер етпейтіні 808,6 мың теңгеге), рәсімдік сипаттағы бұзушылық 10 043 047,3 мың теңге, есепті кезең үшін қаржылық есептілікке әсер ететіні  10 036 155,1 мың теңге, әсер етпейтіні 6892,1 мың теңге.Айта кететін жай, аудит барысында мемлекеттік аудит объектілерімен қабылдаған шаралармен анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер қалпына келтірілді.

Ішкі мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша тұжырымдарға сәйкес,  қаржылық есептіліктің бұрмалануына әкеліп соққан бұзушылықтардың орын алу себебі, Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен Мекемелердің тарапынан бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын сақтамаудан және есеп қызметкерлерінің 1-С Бухгалтерия бағдарламасын жетік меңгермеу салдарынан туындаған.

Сонымен бірге, аудит барысында анықталған өзекті мәселелердің бірі Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға қатысты болып отыр, яғни, ауылдық жердегі жұмысы үшін лауазымдық айлықақыларының 25% мөлшерінде арттыруға жұмыскерлерге үстемеақы ҚР Орман Кодексі мен Еңбек кодексімен қаралғанмен,Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен қаралмаған және  Жамбыл облысы әкімінің 2016 жылдың 11 сәуірдегі № 123 қаулысымен орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесi жасалмаған.

 Осыған орай, Орман Кодексі мен Еңбек кодексін басшылыққа ала отырып, Жамбыл облысы әкімінің 2016 жылдың 11 сәуірдегі № 123 қаулысына орман шаруашылығы мен су шаруашылығы саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін қосымша енгізіп, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз ету ұсынылып, нәтижесіндеЖамбыл облыстық мәслихатының 2022 жылғы 12 мамырдағы № 17-3 шешімі шығарылып, мәселе шешімін тапты.

 

 

Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті