Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы

Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы

 Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы  

 

 

 

2020 жылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабылданды. Аталған Заңда келесідей ұғымдар пайдалынады:

 

           1) бейбіт жиналыс – сипатына қарай бейбіт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін болып табылатын, Қазақстан Республикасының азаматтары жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу нысанында өткізетін жария іс-шара;

 

           2) бейбіт жиналысқа қатысушы – бейбіт жиналысқа өз еркімен қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;

 

           3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын – республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органы бейбіт жиналыстар өткізу үшін айқындаған жалпыға ортақ пайдаланылатын орын немесе жүру маршруты;

 

           4) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы – бейбіт жиналыс өткізуге бастамашы болатын, оны өткізуді ұйымдастыратын және бейбіт жиналыс барысы мен оған қатысушыларға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы немесе кәмелетке толған азаматтарының тобы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға;

 

           5) демонстрация – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының белгілі бір уақытта белгілі бір маршрут бойынша қозғалысы, бұл көлік құралдары пайдаланыла отырып, дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе пайдаланылмай, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

 

           6) жергілікті атқарушы орган – республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

 

           7) жиналыс – қоғамдық маңызы бар мәселелерді және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерін (әрекетсіздігін) ұжымдық жария талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта бірлесіп болуы;

 

           8) митинг – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта бірлесіп болуы, бұл дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

 

           9) өтінішті келісу – жергілікті атқарушы орган демонстрация, шеру нысанында бейбіт жиналыс өткізуге беретін құжат;

 

           10) пикеттеу – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының бір азаматының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта болуы, бұл қозғалыссыз және дыбыс күшейткіш техникалық құралдар пайдаланылмай, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

 

           11) хабарлама – бейбіт жиналысты ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға жіберетін, белгілі бір жерде және белгілі бір уақытта пикеттеу, жиналыс немесе митинг нысанында бейбіт жиналыс өткізу ниеті туралы алдын ала құлақтандыру;

 

           12) шеру – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының көлік құралдарын пайдаланбай белгілі бір уақытта, белгілі бір маршрут бойынша жүріп өтуі, бұл дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады.

 

 

 

Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама 

 

Жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға өз шешімі туралы хабарлауы қажет. Орган келісуі, бас тартуы немесе өзгеріс енгізуі мүмкін. Жауапты қолма-қол, пошта, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрон құжатпен, электрон пошта немесе ұялы байланыс нөмері арқылы жеткізеді.

 

Хабарламаны қарау мерзімі өткен соң жергілікті атқарушы органның жауабы болмаса, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізеді.

 

Пикеттеуді төмендегі орындарда өткізуге болмайды: 

 

жерлеу орындарында; теміржол, су, әуе және көлік объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда; мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда; Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда; қауіпті өндірістік объектілерге және арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда; магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда тыйым салынады. 

 

 

 

«Мойынқұм ауданы аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру  және өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы» Мойынқұм аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 60-3 шешімімен.

 

 

 

Мойынқұм ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізуге арналған арнайы айқындалған орындар:

 

1) жиналыс пен митинг өткізу орыны: Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылы, С.Мұқанов көшесі №34 - Б.Момышұлы атындағы Орталық стадион

 

2) Мойынқұм ауданында шерулер мен демонстрациялар өткізу маршруты: Б.Омаров көшесінің Ә.Асылбеков көшесімен қиылысынан бастап, Мәдениет үйіне дейін белгіленсін.