КЕҢЕЙТІЛГЕН ӘКІМДІК МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

КЕҢЕЙТІЛГЕН ӘКІМДІК МӘЖІЛІСІ ӨТТІ


Апта басында аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың мәжіліс залында кеңейтілген әкімдік мәжілісінің отырысы болып өтті.
Мәжілістің күн тәртібінде ауданда 2021 жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-эономикалық дамуының қорытындылары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы, дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту және мектептердің қазандықтары, жемшөп қорын құру, басқа да әртүрлі мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауданымыздағы биылғы жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму туралы аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Баяхмет Шынжарбеков, Мойынқұм, Жамбыл ауылдарындағы өткен алты айда атқарылған жұмыстар туралы округ әкімдері Сайнұр Аманов пен Ермак Жұмабеков, екінші, үшінші мәселелер бойынша аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Талғат Алпанов, Спорт мектебінің директоры Ардақ Құлжанов, Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Темірхан Жұмағұловтар баяндама жасап, өзекті мәселелер талқыға салынды.
Баяндамалардың барлығын мұқият тыңдап шыққан аудан әкімі М.Мұсаев мемлекеттік бағдарламалардың (Ауыл – ел бесігі, Нұрлы жол, Өңірлерді дамыту, Қайтарымсыз грант, Шағын несие, Қысқа мерзімді оқыту, Бизнестің жол картасы 2020-2025, Үдемелі индустриялды картасы, Қарапайым заттар экономикасы) орындалуы басты назардан түспеуі тиіс екенін ескертті. Сондай-ақ, биыл жемшөп қорының жеткілікті болатынын тілге тиек еткен аудан әкімі аудандық білім бөлімі облыстық білім басқармасына өткенімен енді мектеп қазандықтарына тікелей ауыл, ауылдық округ әкімдері жауап беретіндігін ескертті.
Талқылауға ұсынылған мәселелер бойынша қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы ауданда спортты дамытуға көптеген жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда барлық ауылдарда шағын футбол алаңшалары соғылса, Бірлік ауылында спорт комплексі құрылысы басталды. Ал аудан орталығындағы Б.Момышұлы атындағы стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгелі отыр. Соған қарамастан ауданда дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуда көптеген кемшіліктерге жол беріліп отырғандығын айтып, тиісті сала басшыларына әрбір белгіленген міндеттерді мерзімінде іске асыру жөнінде қатаң талаптар қойып, ескертулер жасады. Мәжіліс отырысына аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Қалымбетов, аудан әкімінің орынбасарлары С.Төлегенов, Е.Әмірханов, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары және бірқатар мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.