
Жамбыл облысы әкімдігінің командасы «QQC FUTSAL SUPER CUP 2026» республикалық турнирінде сәтті өнер көрсетіп, үшінші орынға ие болды.
Тартысты бәсеке 10-14 қыркүйек аралығында Алматы облысының Қонаев қаласында өтті. Турнирге мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және квазимемлекеттік сектор өкілдерінен құралған 15 команда қатысты.
Жарыс барысында командалар алаңда шеберлік пен ұйымшылдықты, спорттық жігер мен жеңіске деген ұмтылысты танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша Астананың «Abyroy» командасы чемпион атанды. Екінші орынды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің командасы иеленді. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің командасы мен «Қазақтелеком» АҚ командасы үшінші орынды бөлісті.
Жарыста Жамбыл облысы әкімдігінің команда мүшесі Елеман Төлегенов «Үздік қақпашы» номинациясымен марапатталып, өзінің кәсіби шеберлігін дәлелдеді.
– Команда мүшелері жұмыспен қатар, спортты да серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Алдағы уақытта да спорттық бәсекелерде өңір намысын абыроймен қорғап, Жамбылдың абыройын асқақтата беретінімізге сенімім мол, – деді команда жаттықтырушысы Ерқасым Ешенқұл.
Жамбыл облысы әкімдігінің командасын жүлделі орындарымен шын жүректен құттықтаймыз!