
Бүгін елімізде бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өскелең ұрпақты спортқа баулуға айрықша үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілетін кәсіби мереке – Спорт күні аталып өтуде.
Осы айтулы күнге орай Мойынқұм ауданында спорт саласының дамуына еңбегі сіңген жаттықтырушыларға, спорт мамандары мен ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Ермек Карентаев спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың елді мекендердегі бұқаралық спортты дамытудағы және аудан спортшыларының жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қосып жүрген үлестерін атап өтті.
– Спорт – ұлт денсаулығының кепілі, өскелең ұрпақтың бойына тәртіп, табандылық, жауапкершілік пен жігер қалыптастыратын маңызды сала. Ауданымызда спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ретте спортшыларымыздың жетістіктері ең алдымен олардың тынымсыз еңбегімен қатар, білікті жаттықтырушылар мен сала мамандарының кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Сіздердің еңбектеріңіз – аудан спортының бүгінгі жетістіктерінің берік негізі, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында ауданның спорт саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшыларды тәрбиелеуге және олардың жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі ерекше аталып өтті.
Сала мамандарының кәсіби білімі мен тәжірибесі жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Жаттықтырушылар шәкірттерін тек спорттық шеберлікке ғана емес, жеңіске деген жігерге, тәртіпке, еңбекқорлыққа және өз мақсатына табандылықпен жетуге тәрбиелеп келеді.
Мерекелік шарада спорт саласының үздік қызметкерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Марапат иелерінің аудан спортының өркендеуіне қосқан үлесі атап өтіліп, олардың кәсіби еңбегіне жоғары баға берілді.
Мойынқұм ауданында спортты дамыту, тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасау, балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл ретте спорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық спортты насихаттау және талантты спортшыларды қолдау – басты басымдықтардың бірі.
Аудан спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда Мойынқұмның мерейін үстем етіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Олардың әрбір жетістігі – аудан көлемінде спортқа деген қызығушылықтың артып, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар қатарының көбейіп келе жатқанының айқын көрінісі.
Спорт күні – спортшылардың ғана емес, спорт саласында еңбек етіп жүрген барша маманның еңбегін бағалайтын, олардың жетістігін дәріптейтін маңызды мереке.
Осы орайда Мойынқұм ауданының спорт саласының барлық қызметкерлерін, жаттықтырушыларды, ардагерлерді және спорт сүйер қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!
Баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, еңбектеріңізге толағай табыс, шәкірттеріңізге биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз! Мойынқұм спортының көкжиегі кеңейіп, аудан спортшыларының жеңісті жолы жалғаса берсін!