Денис Зарва Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығы туралы айтып берді

Денис Зарва Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығы туралы айтып берді

Денис Борисұлы, Қазақстанның атом саласын дамыту үшін халықаралық ынтымақтастық неліктен стратегиялық маңызға ие?

– Халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Әлемдегі барланған уран қоры бойынша ең ірі мемлекет бола отырып және уран өндіруде көшбасшы саналатын Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында маңызды орын алады. Мемлекеттік саясат атом технологияларын қауіпсіз дамыту, ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау және халықаралық ұйымдармен әрі серіктес мемлекеттермен ашық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген.

Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, көлемі жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқаннан кейін Қазақстан ядролық қауіпсіздіктің жаһандық режимінің жауапты қатысушысы ретінде жоғары халықаралық беделге ие болды. Бүгінде ынтымақтастық саланың барлық негізгі бағыттарын қамтиды: уран өндіру, ядролық отын өндіру, ғылыми зерттеулер жүргізу, кадрлар даярлау, ядролық медицинаны дамыту және атом электр станцияларын салу.

Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Қазақстанның атом саласын дамытуда қандай рөл атқарады?

– Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі – Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ). Ынтымақтастық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану инфрақұрылымын дамытуға, мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын енгізуге, ядролық медицинаны дамытуға, мамандар даярлауға және техникалық қолдау көрсетуге бағытталған.