«Тараз» ӘКК 2025 жылы 134 млн теңге пайда тауып, өңірге 3,4 трлн теңгелік инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды

«Тараз» ӘКК 2025 жылы 134 млн теңге пайда тауып, өңірге 3,4 трлн теңгелік инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма 2025 жылдың қорытындыларын таныстырып, өңір экономикасын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

2025 жыл корпорация үшін нақты нәтижелерге қол жеткізген кезең болды. Қоғам жылды 134 млн теңге көлеміндегі таза пайдамен аяқтап, активтері 31,3 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштер өңірлік даму институтының қаржылық тұрақтылығы мен тиімді қызметін айқындайды.

Жыл ішінде негізгі күш инвестиция тартуға, өндірістік жобаларды іске асыруға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды. Әрбір жоба жаңа жұмыс орындарын құруға, өндіріс көлемін арттыруға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге негізделді.

Инвестициялық қызметте де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Бұрын корпорация құрамында жұмыс істеген Zhambyl Invest дербес заңды тұлға ретінде қайта құрылып, бүгінде өңірдің инвесторларға арналған фронт-офисіне айналды. Ұйым «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, инвесторларды жобаның бастапқы кезеңінен бастап толық сүйемелдеуде.

2025 жылы 495 кездесу өткізіліп, оның нәтижесінде 26 меморандум мен ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар өңір кәсіпорындары үшін 8 экспорттық келісімшарт жасалып, екі стратегиялық инвестициялық келісім жүзеге асырылды.

Жыл қорытындысында жалпы құны 3,4 трлн теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Оның құрамына металлургия, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика және басқа да салалардағы ірі жобалар енген.

2026 жылы құны 700 млрд теңге болатын химиялық кешен құрылысы бойынша жаңа инвестициялық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу, жүгеріні терең өңдеу өндірісі, бу-газ электр станциясы, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және тамшылатып суару жүйелерін шығару жобаларын іске қосу көзделген.

Өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылды. «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 157 млрд теңге болатын 24 жоба орналастырылса, оның ішінде 13 жоба өткен жылы тартылған. Бұл жобалар аясында 1800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

2025 жылы индустриялық аймақта үш өндірістік жоба пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік ғимараттар іске қосылды. Қазір бұл алаңдарда есік, фиброцементті плиталар, шыңдалған шыны өндірісі жолға қойылып, тұрмыстық химия мен тамшылатып суару жүйелерін шығаратын жаңа кәсіпорындар құрылуда.

Корпорацияның негізгі мақсаты өңірдің экономикалық әлеуетін толық пайдалану, инвестициялық тартымдылықты арттыру және тұрақты даму үшін қолайлы орта қалыптастыру екені атап өтілді.