
Жыл сайын 12 маусымда әлемде Балалар еңбегіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні аталып өтеді. Бұл күн қоғам назарын балалардың құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіз әрі бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге және кәмелетке толмағандарды еңбек қанауынан қорғауға аударуға бағытталған.
Қазақстанда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білім мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды стратегиялық құжат болып саналады.
Бүгінде Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала тұрады. Бұл – ел халқының елеулі бөлігін құрайтын жас ұрпақ. Сондықтан олардың құқықтарын қорғау, сапалы білім алуына мүмкіндік жасау, денсаулығын сақтау және әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мемлекет үшін аса маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Сонымен қатар балалар еңбегін пайдаланудың кез келген түріне жол бермеу – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балалардың негізгі міндеті – білім алу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және толыққанды тұлға болып қалыптасу. Ал олардың денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе оқуына зиян келтіретін еңбекке тарту заңмен тыйым салынған.
Балалар еңбегіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні аясында қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары балалардың құқықтарын қорғау, заңсыз еңбекке тартудың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Балалардың қауіпсіз әрі бақытты балалық шағын қамтамасыз ету – жарқын болашаққа бастар маңызды қадам. Әрбір бала сапалы білім алуға, демалуға, дамуға және өз арманын жүзеге асыруға толық құқылы. Балалардың құқығын қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.