Тоқаев: Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі әрі сан салалы кезеңі ретінде қарастырады

Тоқаев: Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі әрі сан салалы кезеңі ретінде қарастырады

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Қазақстан бұл кезеңді әлемдік тарихтың күрделі әрі көпқырлы бөлігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы тарихи оқиғаларға үстірт қарауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тәсіл адамзат тарихындағы бірегей құбылыстарға деген көзқарасты өзгертіп, мемлекеттер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікке кері әсер етуі мүмкін.

Президент қазіргі геосаяси жағдайда соғыстардың қасіретті беттеріне ғана назар аудармай, адамзат өркениетін дамытуға ықпал еткен жасампаз кезеңдерді жан-жақты зерттеу маңызды екенін айтты. Бұл ретте Алтын Орда тарихы түрлі халықтарды жақындастыратын, ортақ тарихи мұраны түсінуге мүмкіндік беретін маңызды кезең ретінде бағаланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи үдерістерге әділ және саяси тұрғыдан бейтарап баға беру қажеттігін ерекше атап өтті. Президенттің сөзінше, «тарихты жеңімпаздар жазады» деген ұстаным ғылыми объективтілікке қайшы келеді. Мұндай көзқарас әлем тарихында шағын және орта мемлекеттердің, сондай-ақ жеңіліске ұшыраған елдердің рөлін көлеңкеде қалдыруы мүмкін.

Мемлекет басшысы Қазақстан көшпелі халықтарды жабайы күш ретінде сипаттап, дала империяларының мемлекеттілік дәстүрін жоққа шығарған ескі көзқарастарды қайта қарау үдерісін бастап кеткенін айтты. Сонымен бірге өткенді әсірелеуге жол бермей, шынайы тарихнаманы қалпына келтіру негізгі мақсат болып қала береді.

Президенттің пікірінше, ортақ тарихи мұраны белгілі бір халықтың меншігі ретінде көрсету ғылыми ұстанымдарға қайшы келеді. Мұндай әрекеттер ғылымның дамуына кедергі келтіріп, халықтар арасындағы сенімді әлсіретуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби тарихшылардың рөлі қазіргі кезеңде ерекше маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, ғалымдар ғылыми дипломатия мен «жұмсақ күштің» тиімді құралдары ретінде саясаткерлер шекара тұрғызатын жерде өзара түсіністік көпірін сала алады.

Мемлекет басшысы халықаралық симпозиум Алтын Орда мұрасын терең әрі объективті зерттеуге тың серпін беріп, әлемдік ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыратынына сенім білдірді.