
9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Мойынқұм ауданында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алуға арналған тағзым ету рәсімі ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы Даңқ обелискісінің маңында өткен салтанатты жиынға аудан тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жастар қатысты.
Тағылымы мол іс-шараға Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев қатысып, жиналған қауымды Жеңіс күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында жан аямай шайқасқан жауынгерлер мен тылда еңбек еткен азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
– Жеңіс – сан мыңдаған боздақтың қанымен, аналардың көз жасымен, халықтың төзімі мен бірлігінің арқасында келген қасиетті ұғым. Бүгінгі бейбіт өмір мен тыныш заман – сол майдангерлердің жанқияр ерлігінің жемісі. Сондықтан ел үшін от кешкен батырлардың есімі әрдайым ел жадында сақталады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Шара барысында қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қойды. Бұл – ел қорғаған ерлерге көрсетілген құрмет пен тағзымның белгісі болды.
Сондай-ақ жиында Мойынқұм ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхамбетқұл Сабыров сөз сөйлеп, Жеңіс мерекесінің ұлт тарихындағы орны ерекше екенін жеткізді. Ол жас ұрпақты Отанды сүюге, елдің тыныштығы мен бірлігін қадірлеуге шақырып, батырлар ерлігі кейінгі буынға мәңгілік өнеге болып қала беретінін айтты.
– Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батыр бабалардың аманаты. Сондықтан өскелең ұрпақ елін, жерін құрметтеп, тарихын ұмытпауы керек. Батырлардың ерлігі – ұлт рухының символы, – деді ақсақал.
Тағзым ету рәсімінің соңында ауданның бас имамы майданда қаза тапқан боздақтардың рухына құран бағыштап, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы үшін дұға жасады.
Жеңіс күніне арналған бұл тағылымды шара – өткенге құрмет көрсетіп, ерлік рухын ұлықтауға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды. Сонымен қатар, ол жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға үндеді.