Мойынқұм ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті

Мойынқұм ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Мойынқұм ауданының орталығы – Мойынқұм ауылындағы орталық алаңда кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Берекелі бірлік мерекесі аудан тұрғындарын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, ел ішіндегі татулық пен келісімді дәріптеген тағылымды шараға айналды.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Ермек Карентаев тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, көпэтносты қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ол ел бірлігі – мемлекет дамуының басты негізі екенін атап өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Мерекелік шара аясында түрлі салада еңбек етіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – адал еңбектің бағаланып, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың айқын көрініс тапқан сәті болды.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы да мазмұнды әрі әсерлі өтті. Ауданның білім беру мекемелерінің ұжымдары сахна төрінде әртүрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билерін жоғары деңгейде орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әрбір би арқылы еліміздегі этностардың мәдени ерекшелігі мен ұлттық болмысы көрініс тауып, «бірлік – әралуандықта» қағидаты айқын сезілді.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем әуендер мен мазмұнды концерттік бағдарлама мерекелік кештің көркін аша түсті.

Жалпы, ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтіп, тұрғындарға ерекше рухани серпіліс сыйлады. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтып, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық пен өзара сыйластықты арттыра түсетіні сөзсіз.

Бірлік бар жерде – тірлік бар. Бұл қағида Мойынқұм жұртшылығы үшін әрдайым басты ұстаным болып қала береді.